ҚР Ұлттық ұлан 5548 әскери бөлімінің құрылғанына биыл - 10 жыл, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңаөзен қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап және заңсыз қол сұғушылық болмау үшін әскери бөлім аянбай қызмет етіп келеді.
10 жылдық мерейтойға орай ұйымдастырылған шарада қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов сөз сөйлеп, әскери бөлімнің қызметкерлерін мерекемен құттықтап, маңыздылығына тоқталды.
- Темірдей тәртіпке бағынып, күндіз-түні кірпік қақпай қала тыныштығын күзетіп жүрген 5548 әскери бөлімінің қызметкерлері мен сарбаздары үшін бүгін маңызды күн. Өйткені осыдан 10 жыл бұрын әскери бөлім құрылған болатын. Қаламыздағы құқық бұзушылықтардың алдын алып, жаңаөзендіктердің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етіп жүрген еңбектеріңізге ризашылығымды білдіремін, - дейді қала әкімінің орынбасары.
1995 жылы ел үшін кеудесін оққа тосқан қазақстандық жауынгерлер Тәжік-Ауған шекарасында айбынды ерліктің, қайтпас қайсарлықтың, батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Осы ұрыста 17 батыр қаза тапты. Батырларды ұмытпай, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу басты міндет. Шарада Тәжік-Ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткішті салтанатты түрде ашты. Бұл ескерткіштің орнатылуына «Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобы мен Варшава Келісім шарты әскерінің тобы» республикалық қоғамдық бірлестігі өз үлестерін қосқан.
-Біздің қоғамдық бірлестік ашылған уақыттан бері 5548 әскери бөлімімен қоян-қолтық қызмет атқарып келеді. Әскери бөлім тарапынан «Тәжік-Ауған соғысында оққа ұшқан сарбаздарға арнап ескерткіш тұрғызғымыз келеді», деген ұсыныс айтылды. Сондықтан да бірлестіктегі ардагерлермен және әскери бөлімнің командирлерімен ақылдасып, батырларымызға арнап ескерткіш орнатуды жөн көрдік. Батырларымыз әрқашан ел есінде болуы керек. Олардың ерліктерін жас сарбаздар, келешек ұрпағымыз көріп білуі қажет. Ешкім де, ешқашанда ұмытылмайды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - дейді қоғамдық бірлестіктің төрағасы Абдулла Күмісбаев.
Шараға Тәжікстан республикасындағы Пшихавр таулы шатқалында қаза тапқан 17 сарбазбен бірге ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Тәжік-Ауған соғысының ардагері Сайлаубек Дүйсенов қатысты.
- Атырау қаласынан 1995 жылдың соңғы айларында Тәжік-Ауған соғысына бардық. Пшихавр шатқалында жау әскерлерінің тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауында қалдық. Соғыс бес сағатқа ұласты. Бауырыңдай болып кеткен сарбаздардан айырылып қалғанымыз өкінішті. Әскери бөлімде қайсарлықтың үлгісін көрсеткен майдандастарыма арнап ескерткіш орнатыпты. Шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, - дейді ардагер.
Мерекелік шарада әскери бөлімінің қызметкерлері мен сарбаздары марапатталды.