Ақтаудағы 4ш/а қызмет көрсетуші мекеменің жұмысшылары жаппай жұмыстан шығуының нәтижесінде тұрғындар қоқыс шахтасын өздері тазалауда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тұрғындар әлеуметтік желі арқылы көпқабатты тұрғын үйдегі қоқыс шахтасының толып қалуына байланысты қызмет көрсетуші мекемеге наразылық танытып, тазалық жұмыстарымен өздері айналысқан видеоны таратты.
– 4ш/а тұрғындары қоқысты өздері тазартып жатыр. Неге? Себебі жалақыны дұрыс бермейді деп тазалыққа жауаптылар жұмыстан жаппай шығып кеткен көрінеді,- дейді желі қолданушылары.
Ал қалалық әкімдіктің айтуынша, қызмет көрсетуші «ЖЭК-4» мекемесі қызметкерлерінің жұмыстан шығуына және зейнетке кетуіне байланысты кедергілер туындауда.
–Жауапты мекеме өкілдері жұмысқа қызметкерлер іздеп жатырғаны туралы хабар таратқан. Дегенмен ол біраз уақытты талап етеді. Десек те, 4ш/а орналасқан 10,67,47,55,56,57,58,3,6 және 13 үйлердегі қоқыс шахталары жалдамалы жұмысшылар арқылы тазартылды. Жұмыс көлемі көп болуына байланысты мәселелердің бары рас,- деді «Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы» ММ өкілдері.