Маңғыстау өңірінде өз кәсібін өрістеткен ерекше мұқтаждығы бар жандар үлесі артып келеді. Солардың бірі — «Қаракөз» брендінің негізін қалаушы, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын тігетін Айжамал Құсбекова, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында тұратын 41 жастағы ісмер келіншек тігін кәсібін ілгерілетіп жүргеніне екі жылға жуықтаған. Үш балалы ана дімкәстігіне қарамастан қажыр-қайраты мен ерік-жігерін сүйікті ісінің алға басуына бағыттап, нәпақасын тауып келеді.
- Мен бұл істі мемлекеттен не өзгеден қолдау күтпей-ақ, жинақ қаражатым арқылы бастадым, жолдасым да көмектесті. Одан кейін 2022 жылы «Бастау Бизнес» мемлекеттік жобасы аясында 1 225 000 мың теңге көлемінде шағын бизнеске арналған грант жеңіп алдым. Мүгедектігімді алға тартып, алақан жайған жоқпын. Өз сүйікті ісіммен айналысып, табыс тауып отырмын , - деді Айжамал Құсбекова.
Қолөнер шебері қайтарымсыз қаражатқа ою кесетін лазерлі станок сатып алған. Қазіргі уақытта ұлттық қолөнер бұйымдарына сұраныс жоғары, тапсырыс та толастамайды. Еліміздің әр түкпірінен арнайы тапсырыс беретіндер қатары да артып келеді. Айжамал ханым алдағы уақытта өз ауылында қыз жасауын құрайтын қазақы нақышы қанық қолөнер туындыларын сататын дүкен ашуды жоспарлап отыр.
Ісмер келіншек қолынан шыққан жоғары сапалы, тігісі жатық дүниелер көздің жауын алады. Әсіресе, тұрақты тұтынушылар ою-өрнекпен кестеленген құрақ көрпешелерді ерекше бағалайды.
Айжамал Құсбекованың бұл іспен айналысқанына ұзақ уақыт болмасада, «Құнды құрақ» үздік құрақшылар сайысында үздік атанған.