Yessenov University президенті Неміс Инжиниринг институтын құру жұмыстары бойынша Германияда техникалық университеттермен келісім жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, білім, ғылым және техникалық бағыттағы кадрларды даярлау үшін Батыс аймақтағы университеттер базасында Германияның жетекші университеттерінің филиалын ашуды тапсырды. Осы мақсатта Қазақстан-Неміс университеті (DKU) және Yessenov University бірлескен бастамасымен Ақтау қаласында «German Institute of Engineering» атты институттың ашылуы жоспарланды. Неміс университеттер консорциумы аясында ашылатын жаңа институт Маңғыстау өңірінде техникалық өнеркәсіптің әртүрлі салаларында жұмыс істейтін мамандарды кәсіби бағытта дайындауға мүмкіндік береді.
Осы орайда 27 наурыз бен 1 сәуір аралығында Есенов университеті делегациясының Германияға іссапары жоспарланған еді. Ең алғашқы келісім Солтүстік Германиядағы алдыңғы қатарлы университет Haw Hamburg университетінен басталды. Одан кейін, Анхальт қолданбалы ғылымдар университетінде (Hochschule Anhalt) және Technische Hochschule Wildau университеттерімен кезекті келісімдерге қол қойылды.
Аталған университетпен ынтымақтастық туралы келісім – оқу бағдарламаларды кеңейтуге, елімізге профессорлар шақырып тәжірибе алмасуға, академиялық ұтқырлыққа, үш дипломдық білімге жол ашады. Серіктестер ретінде халықаралық тәжірибе мен қосымша дәрежелер береді.
Тараптар энергетика және экологиялық инженерия, технологиялық процестерді жобалау, электротехника, жаңартылатын энергия жүйесі бағыттары бойынша бірқатар ортақ жобаларды жоспарлады.
Yessenov University базасында биыл ашылатын Қазақ-неміс инжиниринг институтына түсетін студенттер мен магистранттар бір жыл Германия университеттерінде білім алып, тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болмақ. Институт жаңа оқу жылында үш дипломдық білім бағдарламасы бойынша сұранысқа ие жаңа мамандықтарға алғашқы абитуриенттерді қабылдайды.
Осылайша, өнер-білім бар жұрттардың оқуы мен кәсібін меңгеріп, екі және үш дипломды маман атана алады. Бүгін және ертең екі күн бойғы келесі келісімдер Берлиндегі университеттерде жалғасады.
Берлин техникалық университетімен (Technische Universität Berlin) және Берлин еркін университеттерімен (Freie Universität Berlin) жер жүйесі туралы ғылымдар және логистика бағыты бойынша жобаларды талқылайды.
Білім бағдарламасы неміс және ағылшын тілдерінде жасақталады. 4,5 жылдық бакалавр бағдарламасы неміс тілінде, оның бір жылы Германияда оқытылып, студенттер техникалық өнеркәсіптерде практикадан өтеді. Ал магистратураның бір жылын елде, бір жылын Германияда ағылшын тілінде оқиды.
Германия тарапынан жаңа институттың жұмысына көрсетілетін қолдауларын талқылау мақсатында Есенов университеті мен Қазақстан-Неміс университетінің президенттері Германияның сыртқы істер министрлігімен де кездеседі.
Сапар қорытындысы бойынша Германия Федеративтік Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінда баспасөз конференциясын ұйымдастырады.