Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті былтыр және биыл есірткі құралдары және заңсыз темекіні тасымалдаған біршама қылмыскерлердің жолын кескен. Аталған барлық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстың МКД-не сілтеме жасай отырып.
Мәселен, 2023 жылы Ақтау халықаралық әуежайында Маңғыстау облысының «Әуежай-Ақтау» кеден бекетінің қызметкерлері Маңғыстау облысы бойынша ЭТД-мен бірлесіп, қызметтік-іздестіру иттерін қолдана отырып, «Ақтау-Кутаиси» және «Тбилиси-Ақтау» бағыттарындағы авиарейстерде есірткі заттарын тасымалдаудың 3 фактісін анықтаған. Ұсталған Грузия мен Қазақстан Республикасының азаматтарынан – 7,16 г гашиш, 3 г марихуана анықталған. Сот шешімі бойынша бұл азаматтар 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
«Сондай-ақ, Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасында орналасқан «Тәжен» автокөлік кедені бекетінің қызметкерлері ҚР ҰҚК ШҚ шекара нарядтарымен бірлесіп, қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен жолаушылар мен жүк ағынын тексеру барысында есірткі заттарын тасымалдаудың 7 фактісінің жолын кескен. Былтыр аталған факт бойынша 4, биыл қаңтар-ақпан айларында - 3 қылмыс түрі анықталған. Ұсталған Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтары жалпы салмағы 43,7 грамм құрайтын өсімдік тектес заттарды алып өтпек болған. Тергеу материалдары полиция органдарына тапсырылған.
2023 жылғы қаңтарда Ақтау халықаралық теңіз порты бекетінің қызметкерлері Маңғыстау облысы бойынша ЭД-мен бірлесіп Иран Ислам Республикасынан Алматыға жіберілген контейнерді ұстады. Тексеруден кейін инспекциялық-тексеру кешенін (рентген сканері) қолдана отырып, контейнер іші ашылан. Нәтижесінде контейнерден 866 мың қорап мөлшерінде темекі табылған. Егер темекі өнімдерінің осы мөлшерін тасымалдау заңды болса, онда кедендік төлемдер 300 млн. теңгеден асады.
Маңғыстау облысы бойынша ҚР ҚК 234-бабы "экономикалық контрабанда" бойынша аса ірі мөлшерде қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.