Су тасқыны салдарынан Ақтауға уақытша қоныстанған балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Түрлі танымдық бағыттағы шаралар Маңғыстау туризм колледжіне қарасты "Рухтан" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, бірнеше жергілікті кәсіпкердің қолдауымен өткізілді.
"Рухтан" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлнұр Кушанованың айтуынша, балалар бір апта бойы тегін "Kids Park" ойын алаңында ойнады. Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының қойылымдарын тамашалады. "KinoPlexХ" қолдауымен 60 бала ата-анасымен бірге "Пейіш" фильмін тегін көрді. 13 жасөспірімге "Salam bro" фастфуд желісі тәтті тағамдарын сыйға тартты.
- Біздің басты мақсат - балалардың көңілін аулау, қуаныш сыйлау, бос уақытын тиімді пайдалану. Коллелж волонтерлары екі мезгіл балаларға сурет салғызып, түрлі қызықты ойындар ойнатып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға тырысты. Ал мұғалімдер күн-түн демей атыраулықтарға қолдау көрсетіп, қызметін ұсынды. Осы орайда біздің бастамаға қолдау білдірген кәсіпкерлерге, көлікпен қамтамасыз еткен Ақтау қалалық әкімдігіне алғыс айтамыз, - деді Маңғыстау туризм колледжінің "Рухтан" волонтерлік қозғалысының жетекшісі Гүлнұр Кушанова.
Қазіргі таңда Маңғыстау туризм колледжінің жатақханасы мен спорт залына 130-дан астам тұрғын келіп, қоныстанды. Оның ішінде 61 ересек, 69 бала бар.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА