Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су басқан облыстардағы төтенше жағдайды жою жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы су тасқынымен күресу үшін барлығы 200 қызметкер, 19 бірлік техника, 7 бірлік жүзу құралдары, 6 құтқару шеңбері, 2 квадрокоптер және 28 бірлік мотопомпа күш пен құралдар жіберілген еді.
Қалыптасқан жағдайға байланысты өңірлік құтқарушылар 25 наурыздан бастап Ақтөбе облысына, 28 наурыздан бастап Батыс Қазақстан облысына, 12 сәуірден бастап Атырау облысына жұмылдырылды.
Маңғыстаулық құтқарушылардың көмегімен 912 адам эвакуацияланды және 5 азаматқа медициналық көмек көрсетілді.
Бүгінгі таңда маңғыстаулық құтқарушылар аталған аймақтарды 530 926 текше метр судан тазартты. Инертті материал салынған 167 975 қап және 800 метр полиэтилен пленка дайындалып, төселді.