Азық-түлік бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерлерге ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тиісті хаттама толтырылып, әкімшілік жазаға тартылады. Бұл туралы Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мұраталиев айтып берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Дастан Мұраталиевтің айтуынша, азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттағанын байқаған тұтынушылар Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасына немесе облыстық сауда департаментіне барып, арыз жазып, фото, бейне дәлелдер ұсынуына болады.
Сондай-ақ, ол қазір облысымыздағы азық-түлік қоры шамамен 9 мың тоннаны құрайтынын айтты.
- Өздеріңіз білетіндей, жүк көліктерімен тасымалданатын азық-түлік тауарлары Атырау-Ақтау тасжолының жабылуына байланысты тоқтатылған болатын. Қазір біз Маңғыстау облысындағы көтерме саудагерлердің басын қосып, ватсап әлеуметтік желісінде арнайы топ аштық. Сол топта айтылған ұсыныстарымыз бойынша, Атырау қаласынан теміржол арқылы азық-түлік тауарларын Ақтау қаласына тасымалдау мәселесі айтылды. Барлық кәсіпкерлер сол ұсынысты қолдап, бүгінге дейін 30 вагон келді. Жолда тағы 13 вагон келе жатыр. Тағы да 6 вагонға жүк тиеліп жатыр. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауардың жеткілікті қорын қамтамасыз етеді деп есептейміз, - деді МО кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Мұраталиев.