1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Ақтау гарнизоны әскери қызметшілерінің балалары арасында шағын футболдан турнир өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жарыстың басты мақсаты - әскери қызметшілердің балалары арасында салауатты өмір салтын насихаттау және әскери қызметшілердің жоғары деңгейін қамтамасыз ете отырып, олардың спорттық даярлығын дамыту және әскери қызметшілер мен олардың балалары арасындағы қарым-қатынасты нығайту.
Спорттық жарысқа теңіз жаяу әскерлері бригадасының сегіз командасы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасының әскери қызметшілерінің балалары қатысты.
- Биыл алғаш рет әскери бөлімде мереке қарсаңында әскери қызметшілердің балалары арасында шағын футболдан жарыс өтті. Балалар командалары өз шеберліктерін көрсетіп, жақсы көңіл-күй сыйлады деп айта аламын, - деді 25744 әскери бөлімінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы Шынар Шәріпова.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды теңіз жаяу әскерлері бригадасы әскери қызметшілерінің балаларынан тұратын Сардар командасы, екінші орынды Теңіз жаяу әскерлері бригадасы әскери қызметшілерінің балаларынан тұратын Көкжар командасы, үшінші орынды материалдық - техникалық қамтамасыз ету базасы әскери қызметшілерінің балаларынан тұратын Айбын командасы иеленді.
Жарыс соңында жеңімпаз командалар мен жүлдегерлер кубокпен, дипломдармен марапатталды, балаларға тәттілер табысталды.