Маңғыстауда биыл 4 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Мектеп "Маңғыстау ауданының серпіні" жобасы аясында салынып жатыр. 2 мектеп жаңадан, ал 2 мектептің жанынан жапсарлас қосымша құрылыс нысандары салынып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бекіде 100 орындық білім ошағының құрылысы NCOC компаниясы тапсырысымен былтыр мамыр айында басталған. Бұған дейін олар 1995 жылы ескі клуб ғимаратында ашылған 4 жылдық мектепте білім алған.
Ал Шетпе ауылындағы Қосбұлақ-2 шағынауданында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен 600 оқушыға арналған мектеп салынып жатыр.
Сонымен қатар үш ауысымды мектептің бірі А. Меңдалыұлы атындағы орта мектепке жапсарлас 200 орындық қосымша құрылыс салынып жатыр. Ал Отпан ауылдық округінің орталығы Тұщыбекте 2005 жылы ашылған бастауыш мектеп ғимаратында 9 сыныптық білім беретін мектеп-бөбекжайға қосымша 160 орындық нысан құрылысы басталған.
Сондай ақ, Маңғыстау ауданында оқушылар тасымалы мәселесі шешілді. Жақында Б. Жұмалиев, М. Атымов, Шетпе лицейі мен гиназиясына, № 7 мектеп-лицейі және Өтес мектептеріне 6 жаңа автобус алынды. Жалпы аудандағы 22 мектепте 8 799 оқушының 4289-ы Шетпедегі мектепте оқиды, оның ішінде 559 оқушы көлікпен тасымалданады. Аудан орталығынан қашық Сайөтестегі Өтес мектебіндегі 479 оқушының 175-і көлікпен қатынайды.
Биыл 8 мектеп - Н.Жұбаев, А. Меңдалыұлы, М. Атымов, Тобанияз, А. Өтепбергенов, Ә. Кекілбайұлы, Ә. Жангелдин, Өтес және 5 бөбекжай жөнделеді, 22 мектепке STEM- лаборатория, роботехника, информатика, 19 мектепке технология кабинеттері жабдықталып, 22 мектепке 1100 парта алынады.