Ұлттық ұланның Ақтаудағы 6656 бөлімінде өзге ұлт өкілімен отау құрған қызметкерлер көп. Солардың бірі - Рустам Темірболатов. Мangystaumedia.kz сайты мереке қарсаңында жас отбасымен тілдескен еді.
Рустам мен Ксенияның шаңырақ көтергеніне биыл екі жыл болды. Рустамның ұлты – қазақ, ал Ксения орыс ұлтының өкілі.
-Қазір аға лейтенант шенінде рота командирінің орынбасары болып қызмет етемін. Солтүстік Қазақстан облысындағы Ақжар ауданының тумасымын. Әйелім – Көкшетау облысынан. 2010 жылы ата-анаммен бірге Астанадан Көкшетауға қоныс аудардық. Мектеп қабырғасында жүргенімде Ксенияны жолықтырдым. Екеуміз бірден достасып кеттік. 9-сыныптан соң Ксения өнер жолын таңдап, Көкшетаудағы өнер колледжіне, режиссер мамандығына түсті. Мен 11-сыныпты тәмамдап, Ұлттық ұланның әскери институына оқуға түстім. 2021 жылы институтты аяқтаған соң, Батыс өңірлік қолбасшылығының Ақтаудағы взводына командир болып тағайындалдым. 2022 жылы шаңырақ көтердім, - дейді Рустам Темірболатов.
Рустамның жұмыстастарының айтуынша, Рустам мен Ксения махаббаттың ұлтқа қарамайтынына дәлел болып жүрген жұптар. Ксения қазақтың салт-дәстүрін жетік меңгерген.
-Қазақстан халқының бірлігі күні – біздің отбасымыз үшін өте маңызды мереке. Кез келген мерекеде дастархан жайып, ұлттық тағамдар дайындаймыз, – деді Рустам.
Жарасымды жұп мереке қарсаңында қазақстандықтарға өздерінің ақ тілегін арнады.
-Барлық отандастарымызды бірлік күні мерекесімен құттықтаймын. Елімізде әрдайым бейбітшілік, татулық болсын, - деді Ксения Темірболатова.