Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 1 мамыр «Бірлік күніне» орай эвакуациялық пункттерде қызмет атқарған азаматтарды марапаттады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Марапатталған азаматтар эвакуациялық пункттердегі жұмысты ұйымдастырып, адамдарды қажетті заттармен қамтамасыз етті. Эвакуациялық пункттерде қызмет атқарғандардың қатарында еріктілер де бар. Шараға қатысқандарды Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев марапаттап, алғысын айтты.
- Биыл елдің батыс өңірлерінде болып жатқан табиғи апат туралы хабарды облыс жұртшылығы зор күйзеліспен қарсы алып, қиындықта қалған ағайынға қол ұшын беруге асықты. Қала, аудандарда гуманитарлық көмек жинау бекеттері ашылып, эвакуациялық пункттер құрылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлескен жұмыс арқылы біз осынау қиын кезеңді абыроймен еңсердік деп айта аламыз. Мұндай ауқымды істі уақытпен санаспай жасаудың өзі сіздердің Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіздің белгісі деп есептеймін. Еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт-береке, бақыт тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.