Маңғыстау облысындағы балабақшалар мен мектептерді ыстық тамақпен қамтуға 9,8 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Альбекова мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев білім беру нысандарын ыстық тамақпен қамту мәселесіне қатысты бақылауды күшейтуді тапсырды.
– 2023 жылы мемлекеттік балабақшаларда 87 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасының балаларын, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 3 659 баланы ыстық тамақпен қамтуға қосымша 1,9 млрд теңге қарастырылды. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жекеменшік мектептердің 2 мыңнан астам оқушысын ыстық тамақпен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін көрсетілген шығындарға қосымша 4,7 млрд теңге жоспарланды, - деді Марина Альбекова.
Жиын барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мектеп оқушыларын сапалы ыстық тамақпен қамту мәселесіне тоқталды.
– Мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ, «балалар мектеп асханалары дайындайтын тағамды жегісі келмейді» деген ақпарат жиі түседі. Балалардың сапалы және әртүрлі тамақтануын қамтамасыз ету үшін барлық атқарушы органдарға, білім беру мекемелеріне, тікелей мектептерге кешенді жұмыс жүруге тиіс екенін ескертемін. Мектеп оқушылары пайдалы тағаммен қамтылуы керек», - деп түсіндірді Нұрлан Ноғаев.
Марина Альбекова 2023 жылы жергілікті бюджеттің меншікті кірістері 184 миллиард теңгеден 241 миллиард теңгеге дейін өскенін айтты. 2024 жылы кіріс 220 миллиард теңгеден 264 миллиард теңгеге дейін артқан.
2023-2024 жылдарға арналған өңірлік даму бюджетінде әлеуметтік салаға бөлінген қаржының үлесі - 33%, сумен жабдықтау және су бұру бағытында – 25%, газ және жылумен жабдықтау бағытында – 16%, инженерлік желілерді дамытуға көзделген қаржының үлесі - 11%, көлік инфрақұрылымын дамытуда - 9% және басқа салаларда - 6% құрады.
Сонымен бірге, аппарат отырысында Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Серік Мәнізоров атқарылған жұмыстар мен департаменттің биылға арналған жоспарлары туралы баяндады.
– Өткен жылдың соңында Кіріс комитетінің құзырындағы кірістерден мемлекеттік бюджетке 623,8 млрд теңге түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 86,4 млрд теңгеге өсті. Республикалық бюджеттің кірісі 37,6 млрд теңгеге өсіп, өсу қарқыны 111,2%, ал жергілікті бюджет кірісі 48,7 млрд теңгеге өсіп, 124,3% құрады, - деді Серік Мәнізоров.
Ал жергілікті бюджетке өткен жылдың соңында 249,9 млрд теңге салық түскен. Спикердің айтуынша, бюджетке 17,3 миллиард теңгеден астам қаржы түсіп, жоспарланған жылдық жоспар 107,4 пайызға орындалған.
Айта кетейік, бүгінде облыста 76 950 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 17 232-сі заңды тұлға (16 881 белсенді), 59 329-ы жеке кәсіпкерлер (58 882 белсенді) және 389-ы нотариустар мен адвокаттар. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 18 622-ге, 32%-ға артқан.