Белгісіз адамдар журналистер одағына тек былтыр тіркелген журналистерге мессенджерден жазған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Whatsapp мессенджері арқылы хабарласқан алаяқтар өзін журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев ретінде таныстырған. Алаяқтар құрығына түсірмек болғандардың ішінде «Маңғыстау медиа» ЖШС тілшілері бар. Соның бірі Әсел Молдаханова болған оқиғаны баяндап берді.
- Маған «Журналистер одағының» төрағасы Сейтқазы Матаевтың атын жамылған бейтаныс адам мессенджерден жазды. «Біз тексерік жүргізіп, сіздің әріптестеріңіздің біреуі терроризмге ақша аударғанын анықтадық. Осыған байланысты Одақ мүшелеріне бірнеше сұрағымыз бар. Мен сіздің ісіңізді қарап шықтым. Сіз журналистер Одағына 2023 жылы мүше болған екенсіз. Мен сізге сенемін, өйткені сіз туралы мінездеме жақсы жазылған екен. Дегенмен сізді сұраққа алуымыз керек. Сізге Руслан Шарипов хабарласады, барлығын сол кісімен шешіңіз. Бұл сіздің абыройыңызға әсер етеді! Бұл туралы ешқайда жариялауға болмайды» деп жазды, - деп whatsapp мессенджері арқылы жазған.
Ал Руслан Шарипов өзін Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің майорымын деп таныстырған.
Әсел Молдаханова бұл туралы бірден Маңғыстау облыстық журналистер одағының төрағасы Гүлмира Әбішеваға хабарлапты. Кейін мұның алаяқтық екенін анықтап, бейтаныс адамдарды мессенджерден бұғаттап тастаған.
Біз осы оқиға жөнінде Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Маңғыстау облыстық департаментіне хабарладық. Комитет қызметкерлері алаяқтардың ісі екенін растады.
Ал Қазақстан Журналистер одағы ұйым төрағасы Сейтқазы Матаевтың атынан жалған ақпарат тарап жатқанын мәлімдеді.
- Журналистерден алаяқтардың қауесеттері мен шабуылдарына сенбеуді және барлық қорлау жағдайлары бойынша құқық қорғау органдарына хабарласуды, сондай-ақ дүрбелеңге бой алдырмауға және негізсіз қауесеттерге назар аудармауды сұраймыз. Қазақстан Журналистер одағының жүгінуі бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі қазір алаяқтар әрекетінің жолын кесу үшін жұмыс істеп жатыр, - делінген Журналистер одағы таратқан хабарламада.
Махаббат Нұржанқызы