Yessenov University «халықаралық қатынастар және туризм» кафедрасының меңгерушісі Эльвира Жанғожаеваның айтуынша, ҚХР азаматтарына берілетін визасыз режим елдің экономикасына оң әсерін тигізеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
-Туризм - барлық елде экономиканың негізгі құраушы бөлігі. Қазір туризмді негізгі табысы етіп отырған елдер саны күн санап артуда. Дүниежүзілік туристік ұйымның болжамы бойынша, Қазақстан тұрақты туризммен айналысуға мүмкіндігі бар елдердің қатарында. Маңғыстау өңіріндегі этнотуризмнің, сакральді туризмнің түрлері сұранысқа ие екенін көп адам біле бермейді. Қазақстанға келетін туристердің ағымы бойынша Маңғыстау облысы қазір алдыңғы қатарда. Бізде туризмнің дамуына әлеует зор. Түрлі білім бағдарламалары арқылы кадрлар да дайындалуда. Жоспарланып отрыған Қытай Халық Республикасы арасындағы визасыз режимге келер болсақ: қытайлықтар дүниежүзі бойынша туризмге ақша көп жұмсайтын ұлттың бірі. Дүниежүзі бойынша туризмге 300 млрд доллар қаражат жұмсалса, соның 20 пайызы Қытайға тиесілі. Келген туристерден міндетті түрде қаражат түсетіні де белгілі. Қазақстандық турист күніне 100 доллар көлемінде шығындалса, шетелдік туристер 1000-1300 доллар арасында жұмсайды. Бұл –елдің экономикасына түсетін үлес. Осы визасыз режимді – ұтымды шешім деп ойлаймын, - деді ол.