Отан қорғаушылар күнін және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеуге орай ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің әскери қызметшілері Маңғыстау туризм колледжі студенттерімен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арнайы мақсаттағы жауынгерлер студенттерге әскердегі жауынгерлік дайындықтың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын армияның қоян-қолтық ұрысының элементтерін көрсетті.
Шекара бақылау бөлімінің нұсқаушы-кинологтары шекара бұзушыны ұстау тәртібін, іздестіру және арнайы иттердің көмегімен көлік құралдарында есірткі заттарының бар-жоғын тексеруді көрсетті.
Шараға сала ардагерлерінің ұйымдары мен қала әкімшілігінің өкілдері қатысты. Соңында колледж студенттері, әскери қызметкерлер және қонақтармен естелік суретке түсті.
«Застава тарландары» Республикалық ардагерлер-шекарашылар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының бастығы запастағы полковник Владимир Колпаков қазақстандықтардың өскелең ұрпағын отансүйгіштікке тәрбиелеуде ардагерлер ұйымдарының және әскери қызметкерлердің рөлі жоғары екенін атап өтті.
«Біз Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен батырларымыздың ерлігін әрқашан мақтан тұтамыз, ардагерлерге құрмет пен қамқорлық көрсету – біздің қасиетті борышымыз», - деді ол.