Зерттеу нәтижесінде Ақтаудан 20 шақырым жердегі Қаракөл көлінде табылған өлі аққулардан құс тұмауы анықталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне сілтеме жасап.
"Өлген құстардан құс тұмауына алынған патологиялық материалдар оң нәтиже көрсетті. Қаракөл көлі - жабайы құстардың осы түрінің ұшу жолындағы тұрақтайтын аумақтың бірі. Мұз бұғауларынан Қазақстанның барлық аумағында тіршілік ететін аққулар табылды", - делінген хабарламада.
Комитет шұғыл шараларды жүргізу және үй құстарының арасында инфекцияның таралуына жол бермеу үшін республикалық қордан қауіп төнген аймақтардағы барлық үй құсын вакцинациялау үшін 18 644 доза вакцина бөлген. Сондай-ақ, өңірге республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың мамандары жұмылдырылған.
Жергілікті атқарушы органдар құс тұмауы бойынша тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында тұрғындар, шаруашылық жүргізуші субъектілердің ветеринарлары, аңшылар, қорықшылар және басқа да мүдделі тұлғалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Құс фабрикаларында ветеринариялық шаралар, оның ішінде жабайы және синантропты құстардың жем-суға қол жеткізуіне, жанасуға жол бермеуі күшейтілді.
Бүгінгі таңда республикада үй құстары арасында құс тұмауы бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты.
Айта кетейік, жалпы Қазақстан аумағында 2022 жылы құстардың жоғары патогенді тұмауына қарсы 14 930 180 бас үй құстарына вакцинация жүргізу жоспарланды. 12 айда 14 764 980 бас вакцинацияланды (жылдық жоспардың 99%). Үй құстарының арасында аурудың белгілері байқалмайды. Аумақтық инспекциялар эпизоотиялық жағдайды бақылауға алды.