Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Құрметті жерлестер, ардақты ағайын!
Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке көктем айының алғашқы күнімен бірге төрімізге еніп, күнделікті өмірімізге нұрлы шуағын шаша келгендей.
Алғыс айту күні – бұл ең алдымен, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтау мақсатында еңбек еткен, азаматтық және еңбекте ерлік жасаған, түрлі оқиғалар кезінде белсенділік пен азаматтық ұстаным танытқан қазақстандықтарға ризашылық білдіретін күн.
Алғыс айту күні біз үшін жыл бойы атқарған еңбегімізбен жасаған жақсылығымыздың есебіндей маңызды. Әр адам жақсылығы үшін алғыс алып, өзіне көрсетілген көмек, демеу үшін рахмет білдіретін күн. Бұл мерекенің астарында қазақ халқының бүгінгі батырларына деген құрметі мен ыстық ілтипаты жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі»,- деп атап өткен болатын. Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір азаматтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі.
Ендеше, құрметті жерлестер, Қазақстан халқын біртұтас ел болуға бағыттайтын ынтымақ пен бірлік, ықылас пен мейірім күні – Алғыс айту күнімен тағы да баршаңызды құттықтаймын!
Еліміздің бірлігі нығая берсін!
Баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға қуаныш пен шаттық тілеймін», деп жазылған құттықтау хатында.