Маңғыстауда туризмді дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру үшін мемлекет кәсіпкерлерді қолдаудың бірнеше тетіктерін ұсынған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдау шеңберінде мемлекет субсидия береді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 34-VII КРЗ Заңына сәйкес мынадай артықшылықтар берілген:
1. Туроператорларды субсидиялау, әрбір шетелдік турист үшін – 15 мың теңге;
2. Туристік нысандарды салу және реконструкциялау шығындарын өтеу – 10%;
3. Жол бойындағы сервистік қызметтер көрсететін орындарға жұмсалған шығындарды өтеу – 10%;
4. Туристік қызмет үшін автобустарды сатып алу шығындарын өтеу – 25%;
5. Санитарлық-гигиеналық тораптарды субсидиялау - 83 300 теңге;
6. «Kids go free» бағдарламасы бойынша балалар авиабилеттерін сатып алуды субсидиялау-100%.
Субсидиялаудан бөлек, кәсіпкерлерге кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасына сәйкес «Даму «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңілдікті несиелер беріледі.
Соңғы екі жылда Маңғыстауда 14 кәсіпкер несие алған, соның бірі «Достар» қонақ үй кешенінің иесі Тимур Әбдікәрімов. Кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында нысанды қайта құру мүмкіндігіне ие болған.
Соңғы уақытта елде ішкі туризмге деген қызығушылық артып келеді. Осыған орай, All inclusive нұсқасында Ақтауда екі қонақ үй кешені жұмыс істейді.
Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сәйкес, Ақтау Қазақстанның ең көп туристер келетін қалалардың бестігіне кірген. Мәселен, осы жылдың қаңтар-сәуір айларында қалаға 220 660 қонақ келген. Ал жазғы маусымнан бастап туристердің Маңғыстауға деген қызығушылығы 20 пайызға артқан.
Қосымша сұрақтар бойынша Маңғыстау облысының туризм басқармасына хабарласуға болады:
8 (7292) 42-03-08, 8-701-139-32-75