Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігіне сәйкес аса қатыгездікпен жасалған, дәрменсіз күйдегі 3 жас баланы өлтірді деп айыпталушы Е. - ге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотта сотталушы Е. балтамен және ас үй пышағымен үйге қасақана келіп, үш жас баласын ерекше қатыгездікпен өлтіргені анықталды. Қылмыс жасаған адамның кінәсі жәбірленушінің, сотталушының өзінің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және істің басқа материалдарымен дәлелденген.
Прокурор сотталушыны кінәлі деп тануды және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындады, істеген ісіне өкінетінін айтты.
Осы баптың санкциясы 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны қарастырады.
"Сот үкімімен Е. ҚК-нің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған кәмелетке толмаған балаларға байланысты қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.