Ақтауда 12 маусымнан бастап Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері үшін біліктілікті арттыру курстары өтіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Курсты «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік тапсырысын орындау шеңберінде өткізуде.
"Оқытуға 14 мемлекеттік ТжКОБ ұйымдарының 60 арнайы пән оқытушысы мен өндірістік оқыту шеберлері қатысып жатыр. Олар 108 академиялық сағат, оның ішінде 72 академиялық сағат – аудиториялық оқыту және 36 академиялық сағат – кәсіпорындар/ ұйымдар базасында ұйымдастырылатын тағылымдама бойынша біліктілігін арттырады. Оқыту 23 маусымға дейін жалғасады", - дейді Білім берудің оқу-әдістемелік орталығы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімі әдіскері, ұйымдастырушы Зинаида Епенова.
Айта кетейік, биыл мемлекеттік колледждердегі арнайы пән және өндірістік оқыту шеберлеріне арналған курста 239 педагогтің біліктілігін арттыру жоспарлануда.