Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Депутаттар «Даля» және «Бөгет» шекара бекеттерін, «Темір-Баба» автомобиль өткізу бекеті мен Құрық теңіз өткізу бекетін, сондай-ақ «Сарбаз» және «Сардар» жағалау күзеті кемелерін аралады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенаторларды ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұманов, директордың кеңесшісі, полковник Марат Мағжанов және ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Санат Жұманов алып жүрді.
Сапар барысында депутаттар шекаралық нысандардың инфрақұрылымы мен жабдықталуын, шекаралық және кедендік бақылаудың барысын көріп, құрлықтағы және теңіздегі мемлекеттік шекараны қорғау тәртібімен танысты.
Құрық теңіз портында сенаторлар шекаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді. Жиынға шекара ведомствосының басшылығы мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарғабаев, Маңғыстау облысының жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы басшысының орынбасары Кенжебек Бекмағамбетов қатысты.
Кеңес барысында шекарадағы әскери қызметшілерді материалдық-техникалық және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелер талқыланды. Кездесуге қатысушылар Шекара қызметін одан әрі дамыту, мемлекеттік шекараны қорғау, отандық кеме жасау, әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету және браконьерлікпен күрес мәселелері бойынша пікір алмасты.
Генерал-майор Ерлан Алдажұманов сенаторларға шекара бөлімшелерінің жаңа ғимараттары мен құрылыстарын салу және қолданыстағыларын жөндеу, техникалық құралдар мен көліктер сатып алу қажеттілігін хабардар етті.
Жиынға қатысушылар алдында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров те сөз сөйледі. Депутат жұмыс сапарының мақсаты әскери қызметшілердің тұрмыс-тіршілігімен, шекара бөлімшелеріндегі жұмыстың жалпы жағдайымен танысу, болған мәселелер мен оларды шешу жолдарын іздестіру екенін атап өтті. Сонымен қатар сумен, газбен және энергиямен қамтамасыз ету қажеттігіне жергілікті билік органдарының назарын аударту.
Сапар соңында сенаторлар шекара қауіпсіздігін нығайтуға, ҰҚК Шекара қызметін қажетті техникамен және материалдық ресурстармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ әскерилердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруға дайын екендігін жеткізді.