Маңғыстау облысының тұрғыны Азиза Қожабаева көлігін алғашқылардың бірі болып рәсімдегендердің бірі. Ол темір тұлпарын армян елінен әкелген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме беріп.
Азиза Қожабаева қайта рәсімдеу бойынша өтінімді онлайн берген.
-Өтінімді үйімдегі компьютерден онлайн бердім. Өтініш қабылданған соң, онлайн кезекке тұрып, мамандандырылған ХҚК орталығына келдім. Осында криминалдық тексеруден соң, қажет құжаттарымды өткізіп тіркеуге қойдым. Міне енді мемлекеттік номер алдым. Барлығына ұзақ уақыт кетпеді. Осында шамамен 1 сағаттай күттік, - дейді Азиза Қожабаева.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік коорпарациясы КЕАҚ өкілінің айтуынша, заңдастыру рәсімдері оңайлатылған.
-Ең алғашқы қадам, eGov.kz порталы арқылы деректерді тексеруге өтініш беру, болмаса ХҚКО-ға келіп, өтініш беру. Болмаса Kaspi, HomeBank қосымшалары арқылы өтінім білдіруге болады. Айта кететіні, автокөліктің тіркеу деректері қатесіз толтырылуы қажет, дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ МОФ директорының орынбасары Манарбек Сейлов.
Егер бастарту келген жағдайда себептерін білу үшін тікелей мемлекеттік органға хабарласу керек.
Егер өтініш қабылданған жағдайда автокөлікті тексеру үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына (МХҚО) онлайн кезекке тұру қажет. Ол үшін мәртебе парағында «кезекке тұру» батырмасын басып, мекенжайлар тізімінде көрсетілген МХҚО-ның бірін таңдап, соңында күні мен уақытын белгілеу керек. Алдын ала онлайн кезекке тұрмаған жағдайда, қызмет көрсетілмейді.
Келесі қадам, заңдастыруға рұқсат алған автокөлікті МХҚО-ның тексеру пунктіне белгіленген уақыттан 20 минут бұрын әкеліп, талон алу қажет. Тексеруді толық өткеннен кейін, автокөлікті тіркеу үшін МХҚК орталығына өтіп, қызметкерге автокөлікке меншік құқығын растайтын құжаттың түпнұсқасын және көліктің шетелдік техникалық паспорттын тапсыруыңыз керек.
Осыдан кейін алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж - 4 313 теңге, мемлекеттік нөмір үшін - 9 660 теңге мөлшерінде қаржы төлейсіз. Төлемді QR арқылы орталықта төлеуге болады.
Төлемнен кейін сол күні сізге техникалық паспорт және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі.
Маңғыстау облысының 24 қаңтар 18:00 жағдайына сәйкес, рәсімдеуден шетелден әкелінген 17 көлік өтіп үлгерген.
Рәсімдеуге қатысты туындаған барлық сұрақтар бойынша, МО полиция департаментінің процессингтік орталығына қоңырау шалуға болады: 8(7292) 47-45-69
Айта кетейік, шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары бір реттік акция ретінде ұйымдастырылды және 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасатын болады.