Әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық көліктердегі жолақы төлеуге арналған О-city қосымшасы мен картасына шағымдануда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы әкімдігі мен Ақтау қаласы әкімдігінің қалуысына сәйкес 10 шілдеден бастап қалалық қоғамдық көліктер мен Ақтау қаласынан Мұнайлы және Түпқараған аудандарына қатынайтын қоғамдық көліктерге жолақы төлеудің сараланған тарифі енгізілген еді. Алайда, тұрғындардың айтуынша жолақы төлеудің жаңа тәсілі толық ойластырылмаған.
Олардың айтуынша, жолақы төленгеннен кейін жолсерікке дәл осы автобус үшін төлем жасағаныңды дәлелдеу қажет. Ал бұл өз кезегінде жолаушыларға үлкен кедергі тудырады.
–O-city қосымшасында қолданбалар толық өңделмеген. Мысалы жол жүру картасы o-city қосымшасына тіркелмейді және картаны автобус та қабылдамайды. Одан бөлек қосымшаның ішіндегі "банк картасын қосу" батырмасы да жұмыс жасамайды,- дейді желі қолданушысы.
Ал O-city өкілдерінің айтуынша, қосымшаның жұмыс жасап келе жатырғанына бірнеше жыл болған. Қоғамдық көлікте жүруге арналған қосымшаға әрқашан толықтырулар енгізіліп, кемшіліктер жойылып отырады.
– Жолаушылардың мәселелері әртүрлі болуы мүмкін. Мәселелердің алдын алып, ақауды қалыпқа келтіру үшін Call орталық жұмыс жасауда. Тұрғындар 8 800 004 0403 нөміріне қоңырау шалып, өз сауалдарын жолдай алады,- деді электронды брондау бойынша техникалық қолдау өкілі Александр Ширяев.