Биыл еліміздің жоғары оқу орындарының барлығына 73 мың грант береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес олардың 60%-ы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
"Халық тығыз қоныстанған, батыс және жаңадан құрылған облыстардың жастары үшін арнайы гранттар бөлінді. Мысалы, Атырау, Маңғыстау облыстарына 1500 грант, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400 және Түркістан облысына – 500 арнайы грант бөлініп отыр. Яғни, бұл гранттар педагогикалық, инженерлік, естествен мамандықтары мен жаратылыстану ғылымдарына бөлінген", - деді Қуаныш Ерғалиев.
Вице-министр бұл ретте түлектер өз бетінше шешім қабылдай алатынын және өз еркімен жалпы конкурсқа немесе арнайы грантқа қатыса алатынын атады.
Биыл педагогикалық квотаға 47% грант бөлінген. Сондай-ақ, өңірлік университеттер алғаш рет ауыл шаруашылығы және инженерлік бағыттарды қолдау үшін пилоттық режимде бөлінген арнайы гранттар алып отыр.
Жоғары оқу орындарына түсу үшін түлектердің өтініштерін қабылдау науқаны 13-20 шілде аралығында өтеді. Биыл түлектерге құжаттарды тапсырудың үш нұсқасы ұсынылады. Оның ішінде eGov.kz арқылы, университетке арнайы бару немесе виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы таңдаған университетке өтініш бере аласыз.