Маңғыстаулық тұрғын Гүлназ екі азаматпен қатар некеде тұрған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Гүлназ өзінің «екінші күйеуі» барын кездейсоқ білген. Мобильді қосымшадан цифрлық құжаттарын іздеген ол өз күйеуінен бөлек, тағы бір азаматпен некеде тұрғанын байқапты. Сөзінше оның «екінші күйеуі» 1956 жылы туған азамат. Ал неке Бейнеу ауданында тіркелген.
- Мен 2005 жылы тұрмысқа шыққанмын. Ал мына неке қию туралы куәлік 2006 жылдың 21-ақпанында беріліпті. Мұны көріп, бірден тиісті орган қызметкерлеріне хабарласып, екінші неке куәлігін алып тастауды сұрадым. Бірақ ол құжатты менің мобильді қосымшамнан әлі де көрсетіп тұр, - дейді Гүлназ.
Бейнеу аудандық АХАЖ бөлімі бұл жағдайды «қателік кеткен» деп түсіндірді. Яғни елімізде құжаттар жаппай цифрландыруға көшкенде 1956 жылы туған азаматтың неке куәлігін базаға көшіру барысында техникалық кетелік кеткен болуы мүмкін деп отыр.
Бұл 2006 жылы кітапқа жазбаша тіркелген неке. 2008 жылы ақпараттық жүйе іске қосылып, сол уақытта неке куәлігін базаға енгізу барысында техникалық қателік кеткен болуы мүмкін. Мұны қалпына келтіруге болады. Акт жазбаны жоямыз, - деді Бейнеу аудандық АХАЖ бөлімінің басшысы Қанағат Назарханов.
Махаббат Нұржанқызы