Маңғыстаулық полицейлер есірткіге байланысты 50-ден астам құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысында жыл басынан бері есірткіге қарсы 54 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 46 есірткі қылмысына қатысты теріс қылық дерегі болса, ал 6-ы есірткі заттарын сату және 2-і аса ірі көлемде сақтау дерегі тіркелген. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға жедел уәкілі Камиль Будайчиев мәлімдеді.
Спикер 2023 жылы заңсыз айналымнан 4 келі 244 грамм есірткі тәркіленгенін мысалға келтірді. Оның ішінде 2 келі 864 грамм марихуана, 1 келі 375,3 грамм синтетикалық есірткі мен 3,7 грамм гашиш, 1 грамм апиын бар. Сондай-ақ, өңірде есірткіге байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 41 адам ұсталып, 40 күдіктінің ісі сотқа жолданған.
«Есірткіге еліту мен нашақорлық дерті күллі адамзатты алаңдатып отырғаны мәлім. Елімізде, соның ішінде Маңғыстау өңірінде құқық қорғау органдары есірткіні өткізу фактілерінің жолын кесу, есірткі бизнесінің алдын алу, ірі партияларын жою үшін жедел қызметтік жұмыстар мен профилактикалық іс-шараларды жүйелі жүргізіп келеді. Нәтижесінде жыл басынан бері, қоғамдық орында есірткі саудасын жарнамалайтын 350 «граффити» жазулары анықталып, жойылды. Сонымен қатар, есірткі заттары мен олардың аналогтарын жарнамалайтын 15 интернет сайт бұғатталды», - деді Камиль Будайчиев.
Сонымен бірге, Маңғыстау облыстық прокуратурасы қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Берік Жексембет ҚР Үкіметінің өткен жылғы қаулысымен аса қауіпті есірткі заттардың криминалдық мөлшері 3 граммнан 1 граммға дейін төмендетілгенін атады. Енді есірткінің 1 граммнан астам мөлшерін алып жүрудің өзі ауыр қылмыс болып саналады. Өңірімізде есірткі таратушыларға қарсы күрес қарқын алды. Нәтижесінде соңғы бір айда өңірде есірткіге қарсы қылмыстық құқықбұзушылық өткен жылмен салыстырғанда 47 пайызға азайған.
«Биыл өңірде есірткі қылмыстары бойынша жасөспірімдер жауапқа тартылмаған. Бірақ, есірткіні қолма-қол емес, әлеуметтік желі арқылы сатып жүрген азаматтар бар. Сондықтан, кез келген ата-ана өз баласының өзін-өзі ұстауы, мінез-құлқы мен іс-қимылын жіті назарда ұстап, бақылауға алып, тексеріп отыруды қаперіне алғаны жөн. Себебі, есірткінің кез-келген түрін тұтыну құмарлық пен тәуелділікке әкеледі», - деді Берік Жексембет.
Сонымен қатар, брифингте Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Қорлан Елеуова облыста 30 әйел есірткі тұтыну бойынша есепте тұрғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол есірткі түрлерінің ең қауіптісі синтетикалық есірткі екенін де алға тартты.
«Есірткіні қолдану адам ағзасының қалыпты жұмысына кері әсерін тигізіп, әр алуан өзгерістердің орын алуына сеп болады. Оның ішінде, ми жұмысының бұзылуы, жүрек ауруы, обыр, психиканың бұзылуы дерті бар. Тіпті, есірткі қолданатын әйелдердің сәбилерінен бастапқы кезеңде нашақорлық синдромдары байқалады. Жүкті ананың есірткіні тұтынуы шақалақтың шала туылуына, дімкәс болуына әсер етеді. Бұл ғылым тұрғысынан дәлелденген», - деді Қорлан Елеуова.