Маңғыстаулық Еркебұлан Исламғали ММА-дан жасөспірімдер арасындағы Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Абу-Даби қаласында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан ММА-дан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды 40 келіде маңғыстаулық Еркебұлан Исламғали салды.
Еркебұлан жарыс барысында тәжік, әзербайжан, ливан елінің спортшыларын ұтты.
- 14-15 жас аралығында бақ сынаған Еркебұлан алғашқы айналымда Тәжікстан спортшысын бірауыздан төрешілер шешімімен жеңді. Екінші айналымда Әзербайжан спортшысын үшбұрыш қылғындыру әдісімен, жартылай финалда тәжікстандықты 1:11 минутта гильотина қылғындыру әдісімен жеңсе, финалда Ливан спортшысын бірауыздан төрешілер шешімімен жеңді,- деді спортшының бапкері, әкесі Жеңіс Қайранов.
Әлем чемпионаты 5 тамызға дейін жалғасады. Оған 46 елден келген 635 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан намысын 35 спортшы, Маңғыстау өңірінің намысын 4 спортшы қорғауда.