Ақтауда «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары қала көшелері мен саябақтарда тазалық жұмыстарын жүргізуде. Белсенді жастар «Ақбота» саябағы мен «Бекет ата мешіті» жанындағы алаңды қоқыстан тазалады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жасыл ел» еңбек жасағының екінші легінде 150 жас жұмыс жасауда.
-Алты топқа бөлінген жастар қала көшелерін тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда жасақ жастарының 1 және 2 легі «Ақбота» демалыс саябағы мен 26 ш/а орталық «Бекет ата мешіті» жанындағы демалыс алаңын толық тазалады, - деді «Жасыл ел» еңбек жасағының үйлестірушісі Жібек Сүйенішқызы.
Жастар тазалық челленджінің әлі де жалғасатындығын айтады.
-Қала тазалығын ең алдымен өзімізден бастау қажет. Қаланың өркендеп дамуының негізгі кілті - қала тазалығы. Челленджі жалғастыра отырып, тұрғындар мен қонақтарды қаламызды таза ұстауға шақырамын және қоқыстарды арнайы қоқыс жәшігіне тастауды сұраймын, - деді «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі Амина Амангелді.