Маңғыстау облысындағы білім беру ұйымдарында шахматтан республикалық челлендж өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
12 сәуір күні өткен челлендж мақсаты – шахмат арқылы балалардың зияткерлік және ақыл-ой қабілеттерін дамыту. Аталған челленджге Маңғыстау облысының оқушылары мен студенттері, сондай-ақ мұғалімдер де ат салысып, жоғары дәрежеде шахмат турнирлерін ұйымдастырды.
Челленджге 800-ге жуық мұғалім, 2500-нан аса білім алушы қатысты. Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылынан бастап барлық мектептерде шахмат үйірмелері ашылды. Бүгінгі таңда дойбы және шахмат үйірмелеріне 9000-ға жуық оқушы қатысуда.
Білім басқармасындағылардың айтуынша, салынып жатырған оқушылар сарайы базасында әйелдер арасында гроссмейстер, әлем чемпионы, шахматтан Азия чемпионы Бибісара Асаубаеваның шахматтан шеберлік мектебі ашылады. Бұл мектепте Бибісара Асаубаевамен онлайн режимінде шеберлік сыныптары өткізу жоспарлануда.