Маңғыстаулық кәсіпкерлер қаламыздағы эвакуациялық пунктерге дәрі-дәрмектер үлестіріп, көмек қолын созып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
ҚР Денсаулық министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетярова айтуынша, Атырау облысындағы су тасқынына байланысты Маңғыстауға эвакуацияланған тұрғындардың көп бөлігі әйелдер мен балалар, қарт азаматтар. Оларды амбулаторлық деңгейдегі қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мақсатында облысымыздағы бөлшек саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлер үлкен үлесін қосып жатыр.
- Екі күннің ішінде 1 млн теңгені құрайтын дәрі-дәрмектер эвакуациялық пунктерге тапсырылды. Бұдан бөлек Бейнеу ауданына жолданған дәрі-дәрмектер де бар. Бұлар: медициналық салфетка, маска, таңу материалдары (марля) және қызу түсіретін, қан қысымын түсіретін, ауырғанды басатын, жөтелге арналған алғашқы көмекке қажетті дәрілер, - деді Нұрсұлу Мұхамбетярова.
Қазір Ақтау қаласындағы дәріхана иелері гуманитарлық көмекті бір жерге жинақтап, өзара тізімі мен есебін беріп 6 шағынауданда орналасқан эвакуациялық пунктіге тапсырып жатыр.