Қарақия жастар ресурстық орталығы жанынан гуманитарлық көмек жинау орталығы ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Еліміздің бірнеше өңірінде орын алған табиғи апат - су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында жан - жақты шаралар ұйымдастырылып, гуманитарлық көмек беру бекеттері ашылып жатыр. Соның бірі - Қарақия жастар ресурстық орталығы жанынан ашылған гуманитарлық көмек жинау орталығы.
Ауданның ерікті жастары қолға алған қайырымдылық шарасының мақсаты, эвакуациялық пункттерде орналасқан тұрғындарға күнделікті қажет заттармен көмектесу.
– Су тасқынынан зардап шеккендер ауданымызға да келіп, орналасып жатыр. Кешенің өзінде 134 адам орналасты, тағы да келетіні сөзсіз. Біз жастар болып осы пунктке азық-түлік пен гигиеналық құралдар сияқты ең қажет деген заттарды жинап беріп, өз көмегімізді көрсеткіміз келеді. Күнделікті азық-түлік, дәнді дақыл, макарон өнімдері, сұйық май, құс еті, жеміс-жидек пен көкөністер, тәтті-печенье т.б заттар да артық болмас еді, – дейді жастар орталығының басшысы Алибек Оразбек.
Айта кетелік, су тасқынынан зардап шеккендер үшін материалдық және гуманитарлық көмектерді қабылдайтын орталықтар тәулік бойы жұмыс істейді.