Маңғыстауда эвакуацияланған азаматтарды қабылдау алгоритмі әзірленді. Ақтау қаласының әкімінің орынбасары Дархан Әбдалиев Құлсарыдан келушілерді қалай қабылдайтыны, қайда орналастырылатыны және оларға кім қолғабыс ететіні жөнінде толықтай айтып берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстауға келген эвакуацияланған тұрғындар тәулік бойы жұмыс істейтін Сall-орталықтарға жүгіне алады. Мұнда орналастыру туралы барлық қажетті ақпарат беріледі. Ақтауда оларды қабылдайтын 9 мектеп пен жатақханалар дайындалып жатыр.
"Call-орталықтар бойынша ақпарат әкімдіктің сайтында жарияланған. Орталықта дәрігерлер мен полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Олар тұрғындарды қарсы алып, орналастырып, тіркеуге алады. Егер балалар болса, оларға қажетті киім - кешек, оқу құралдары; ал егер қарт кісілер болса, онда оларға керекті дәрі-дәрмек және т.б. қажетті заттар таратылады. Олардың арасында құжатсыз келгендер болатын болса, цифрлық құжаттар арқылы оларды қабылдап алады. Құжаттарды қалпына келтіруге арнайы мамандар көмек көрсетеді. Егер қандай да бір сұрақтар туындаса, олар сол жерде шешіледі немесе тиісті мемлекеттік мекемелерге беріледі", - деді Дархан Әбдалиев.
Барлық азық-түлік өнімдері 6 шағынауданда облыстық Жастар орталығының ғимаратында жиналып жатыр. Әкімдік барлық эвакуациялық пункттер адамдарды тәулік бойы қабылдайтынын тағы да еске салды.