Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева хабарлады. Ол үшін Атырау облысының Қазсушар филиалы 4 арнаны: Бақсай, Нарын, Черная речка және Соколок пайдаланады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Жалпы, бұл арналар тәулігіне 12 млн текше метрге дейін су өткізе алады. Олардың әрқайсысында «Қазсушар» мамандары тазарту, нығайту және басқа да жұмыстар жүргізді. Мысалы, Соколок каналының бойында ұзындығы 14,5 шақырым қосымша арна қазылды, ол арқылы тасқын суы Каспийге жіберіледі», - деді спикер.
Сондай-ақ Балқаш көліне де су жіберу жұмысы жалғастырылып жатыр. Көлге Қапшағай су қоймасынан шамамен 2,5 млрд текше метр жіберілді. Сондай-ақ, ведомство Ресейден келген 30 млн текше метр суды Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне де жіберіп жатыр.
Соңғы жылдары кеуіп қалған Батыс Қазақстан облысының Еділсор, Жалтыркөл, Бірқазан, Соркөл және басқа да су айдындарына су жіберу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинағаны байқалады. Сонымен қатар, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесіне су жіберілді.