2024 жылдың басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексінің өсуі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6 есеге баяулады, яғни 0,3%-ды құрады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сауда және интеграция министрлігінде атап өткендей, бұл - азық-түлік бағасының өсуін тежеудің бақылау құралдарын тиімді іске асыру есебінен қамтамасыз етілді.
- Жыл басынан бері Министрліктің аумақтық бөлімшелері 1011 әкімшілік іс қозғады, белгіленген бағаны асырғаны үшін 804 әкімшілік қаулы шығарылды, 65 айыппұл өндірілді, 109 делдал алып тасталды, - делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Өңірлік комиссиялардың құрамы күштік органдардың - ЖҚРК, АФМ және Қаржы министрлігі өкілдерін қосу арқылы күшейтілді.
Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссияның қызметі шеңберінде 444 отырыс өткізілді, сауда үстемесінің асып кету және өнімсіз делдалдардың болуының 732 тәуекелі анықталды.
- Жыл басынан бері тауарларды жеткізудің 2554 тізбегіне талдау жүргізілді, салықтық, монополияға қарсы және басқа да заңнамаларды бұзудың 874 тәуекелі анықталды. Қабылданып жатқан бақылау шараларының жоғары көрсеткіші Шымкент, Алматы, Астана қалаларында, Павлодар және Ақмола облыстарында байқалады, - деп атап өтті министрлікте.