Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстан энергетика министрліктерінің басшылары Ташкент халықаралық инвестициялық форумында республикалардың энергетикалық жүйелерін жүйеаралық біріктіру жөніндегі ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, меморандумның мақсаты - Әзірбайжан, Қазақстан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін жүйеаралық қосу жөніндегі жобаны іске асыру шеңберінде ынтымақтастықтың негізгі шарттарын айқындау.
Құжат қатысушылардың Әзірбайжаннан, Қазақстаннан және Өзбекстаннан техникалық және экономикалық тұрғыдан ең оңтайлы жасыл энергия саудасын жүзеге асыра отырып, Каспий теңізінің түбіне және басқа елдердің аумағына жоғары вольтты кабель төсеу арқылы энергия жүйелерін қосу мүмкіндіктерін зерделеуге ниетті екенін көрсетеді.
Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұған дейін Каспий түбіне терең су кабелін төсеудің техникалық тапсырмасының жобасы қалыптасқанын атап өтті.
"Техникалық тапсырма шеңберінде халықаралық трансмиссиялық дәліздерді (қаржыландыру, кірістер ағыны және иелік ету) дамыту және Еуропалық Одақ елдеріне жасыл энергияны сату үшін болжамды бизнес-модель әзірленеді. Осылардың негізінде үш елдің энергетика министрліктері арасында Әзірбайжан, Қазақстан және Өзбекстанның энергетикалық жүйелерін жүйеаралық қосу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум жобасы пысықталды", - деді А. Сәтқалиев.
Бүгінгі таңда осы жобаны іске асырудың базалық тәсілдері талқыланып, келісілді және қазақстандық ведомство одан әрі толыққанды өзара іс-қимылға толық дайын.