© Yandex.kz
Басқұдық ауылдық округінің тұрғыны халықтың тыңдауынсыз ауылдың бас жоспары өзгергенін айтып, шағымданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Редакциямызға келіп, шағымын жеткізген тұрғынның айтуынша, Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық селолық округінің әкімдігі ауылдың бас жоспарын (генплан) өзгертіп жіберген. Әкімдік ауылдағы базалардың орнына салынған үйлердің құжатын негізсіз шығарып берген.
- Бас жоспарды халықтың қалауынсыз, тыңдауынсыз өзгертуге болмайды ғой. Кәсіпкерлер дәріхана, бірі ресторан, бірі супермаркет салып, ауыл ішінде жүретін жолдарды жауып тастады. Өрт сөндіру қызметкерлері келетін орындар жабылып қалды. Ол жерлерді тұрғындар аудан прокуратурасының өзінен сатып алған. Мысалы, бір кәсіпкер ресторан салып тастағанының кесірінен жолы жабылып қалған тұрғындар үйіне бара алмай жүреді. Жеме-жемге келгенде сол кәсіпкерлік нысандардың құжаты бар және бұрынғы әкімдер қол қойған болып шығады.
Біз осы мәселе бойынша бірнеше рет Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жаздық. Ресми, қасаң жауаптар ғана келеді, - дейді Мұнайлы ауданы, Басқұдық селосының тұрғыны Нұрлан Қарамырза.
Мұнайлы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сөзінше, елдімекеннің даму жоспары өсуіне байланысты, ауылдың бас жоспарына толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, 2022 жылы 19 желтоқсанда Мұнайлы аудандық Қоғамдық кеңесі отырысының №16 хаттамасы бойынша кеңес мүшелерімен тыңдау өткізілген.
- Осыған сәйкес, талқылау корытындысында Басқұдық ауылдық округі Бас жоспарының жобасы Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан толық мақұлданып, 2022 жылғы 28 желтоқсанда Мұнайлы аудандық Мәслихатының №27/169 шешімімен Басқұдық ауылдық округіне толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, бекітілген.
2022 жылғы өзгертулер мен толықтырулар 2015 жылы бекітілген Басқұдық ауылдық округінің бас жоспарында №4 өндірістік аймақ және Алау тұрғын массиві көрсетілмеуіне байланысты, және сол жерде орналасқан тұрғын үйлерді құжаттандару мақсатында өзгертілді, - деді Мұнайлы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қыдырберді Балиев.