Ол таң атпай № 65 сайлау учаскесінде таңдау жасап, азаматтық борышын орындады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ерсайын Әлімбетов – Есенов атындағы колледждің дене шынықтыру және спорт мамандығының студенті. Ерсайынның өмірінде спорттың алар орны ерекше. Себебі ол армрестлингпен кәсіби түрде айналысады және спорт шеберіне кандидат атағын алған.
Оның айтуынша, жаттықтырушылармен бірге өңірде көгалдағы хоккейді дамытуды жоспарлап отыр. Мұндай жауапкершілікті бірінші боп өз мойнына алған. 18 жастағы Ерсайын болашақта жас ұрпаққа бапкер, тәлімгер болмақшы.
- Мен елімді сүйемін! Сондықтан мен үшін онда тәртіп, бейбітшілік пен келісімнің орнауы ерекше маңызды. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы – әрбір азаматтың демократиялық қағидаттарға сай еліміздің одан әрі дамуына өз үлесін қосу мүмкіндігі. Мен кандидаттардың біріне өз дауысымды бергеніме қуаныштымын. Қазақстандықтардың шешімі еліміздің бақытты болашағын айқындайды деп сенемін, – деді Ерсайын Әлімбетов.
№ 65 сайлау учаскесінің төрағасы Асқар Досовтың мәлімдеуінше, бұл учаскеде 2067 сайлаушы тіркелген, оның 5-іне үйден қызмет көрсетіледі. Олардың арасында алғаш рет дауыс беретін 18 жастағы төрт жасөспірім тіркелген. Таңертеңгі сағат 7.30-да № 65 сайлау учаскесіне 15-ке жуық адам келіп үлгерді. Сайлау учаскесінің ашылуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындаудан басталды.