Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің қызметшілері Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауында өз таңдауын жасап, дауыс берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 390-теңіз жаяу бригадасында орналасқан № 61 жабық сайлау учаскесі ашылуы Мемлекеттік Әнұраннан басталды. Сап түзеген сарбаздар әскери бөлімнің мәдени демалыс орталығындағы сайлау учаскесінде еліміздің жарқын болашағы үшін таңдау жасады.
Қатысушылардың басым бөлігі алғаш рет дауыс беріп жатыр, соның бірі – бір ай бұрын әскерге Атырау облысынан шақырылған Исатай Қойшыбай.
- Бүгін сарбаздар үшін ерекше күн. Себебі, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде алғаш дауыс беру құқығымды пайдаланып отырмын, сайлау жоғары деңгейде өтіп жатыр, деді қатардағы жауынгер Исатай Қойшыбай.
- Өз Отанымның нағыз патриоты ретінде мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін, әр сарбаз өзіміздің таңдауымызды жасадық, деді қатардағы жауынгер Дінмұхамед Әзберген.
Ақтау гарнизонында орналасқан Әскери теңіз күштері, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасы және Әуе қорғанысы күштерінің сарбаздары № 61 жабық сайлау учаскесінде дауыс берді.