Жаңаөзен қаласында өткен баспасөз турында өңірлік БАҚ қызметкерлері бірнеше кәсіпкерлік нысандарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
БАҚ қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлер аймақтың экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Баспасөз турына қатысушылар кәсіпорындардың даму жоспарымен танысып, біршама өзекті мәселелердің барын білді.
- Елімізде Жаңаөзен тәрізді 20 моноқала бар. Моноқаламыздың өз ерекшелігі және көптеген мәселелер бар. Сол мәселелердің бірі – жұмыссыздық мәселесі. Қаламызда Қазмұнайгаз компаниясының еншілес мекемелері жұмыс істейді. Осы мекемелердің негізінде қаланың тіршілігі айналып тұр. Жұмыссыздық мәселесіне келетін болсақ, статистикалық деректерге сәйкес 1 тоқсан бойынша бізде 4092 адам тіркелген. Ол 5,5 пайызды құрайды. Өткен жылы 5,3 пайыз болған. Республика деңгейінде ол көрсеткіш 4,7 пайыз. Бізде бірнеше мемлекеттік бағдарлама іске асып жатыр. Оның біріншісі, МО-ның әлеуметтік даму жоспары. Өткен жылдан бастап «Ауыл аманаты», «Ел бесігі» деген пилоттық жобалар шықты. Осы бағдарлама аясында қаланы дамытып жатырмыз, сондай-ақ бюджеттік инвестиция құйылып, жұмыс орындары құрылып жатыр.
Жеке инвестициялар да бар. Экономикамызды әртараптандыру қажетпіз. Қаламызда 13 мыңға жуық кәсіпкердік нысандар тіркелген. Оның 12 мың жарымы жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар 1100. Қаламыз бойынша 205 млрд өнім шықса, соның 35 пайызы кәсіпкерлерден. Бізде өсім бар.
«Бизнесті қолдау және дамыту» ұлттық жобасы аясында 288 жоба мақұлданды. 6 млрд көлемінде оның 178-і субсидияланды. Қалған 112-сі гарантия алды. Бұл жоба аясында да 100-ге жуық жұмыс орны ашылды.
Жаңаөзен қаласындағы кәсіпкерлікті дамыту 2022-24 жобасының аясында қаладағы бизнес жобаларды іріктеу тобы құрылған болатын. Сол іріктеу тобының өз регламенті, өз талап-ережесі бар. Осы бағытта 14 жоба іске асты. 39 млрд көлемінде инвестиция салынды. Бюджетімізге 1 млрд теңгеге жуық салық төлемдері түсті. 443 жұмыс орны құрылды, - деді қала әкімінің орынбасары Нұрберген Кудебаев.
«Мұнай Капитал» ЖШС – мұнай ұңғымаларына қажетті кілттер мен басқа да құрал-жабдықтарды жасап шығаратын кәсіпорын.
«Біздің кәсіпорын «Өзенмұнайгаз» және басқа да мұнай өндіру мекемелеріне қажетті ұңғымаларға арналған кілттерді жасаймыз. Қазір бізде 35-тен астам қызметкер жұмыс істейді, олардың дені жастар. Қызметкерлеріміздің еңбек жағдайы мен әл-ауқатына ерекше назар аударамыз. Кәсіпорын 2021 жылдан бері жұмыс істеп тұр», - деді зауыт бастығы Нұрлыбек Бейсенов.
«Testcom Caspian Сompany» зауыты – мұнай өндіруге қажетті ескі құрал-жабдықтарды қайта қалпына келтіретін мекеме.
«Біз 1 айда 40-қа жуық мұнай тартқышын құрап шығамыз. Заманауи стандарттарға сай жөндеу, бөлшектеу және құрастыру жұмыстарын жүргіземіз. Жұмыс үшін біздің қызметкерлер айына 300 000 теңге мөлшерінде жалақы алады», - деді кәсіпорын инженері Жарас Оңғарбаев.
Жеке кәсіпкер Болат Төланов полимер-құм өнімдерін шығарады.
«Біз құм мен пластмасса қалдықтарын пайдалана отырып, құрылыс материалын өндірумен айналысамыз. 2018 жылдан бері 4 қызметкер жұмыс істейді. Жаз айларында жұмысымыз қарқынды жүреді. Өнімімізге сұраныс өте жоғары. Үй қасбетін, баспатас тақтайшаларын, жалпы айтқанда пластмасс қалдықтарынан құрылыс материалдарын жасаймыз», - деді кәсіпкер.
Жаңаөзен қаласында облыс тұрғындарын ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Көркем Әлем» ет комбинаты бар.
«Біздің мекеме 2023 жылдан бері жаңа піскен ет пен тұшпара, манта, шыжғырылған ет және т.б. фабрикаттарды тапсырыс берушілерге жеткізе бастады. Өнімдерімізге халал сертификаты берілген. Қазір біздің мекемеде 162 қызметкер жұмыс істейді. Біз ай сайын 360 тоннадан астам ет өнімдерін өндіреміз. Жаңаөзен және Ақтау қаласында сауда нүктелеріміздің желісін белсенді дамытып жатырмыз. Жаңаөзенде екі дүкеніміз ашылды. Тағы бір дүкеніміз салынып жатыр. Ақтау қаласында да үш жаңа дүкеніміз салынып жатыр. Біз қазір ет өнімдерін Орал, Ақтөбе қалаларынан әкеліп отырмыз. 2025 жылдан кейін мал жайылымдары үшін өз фермамызды құруды жоспарлап отырмыз», - деді кәсіпорынның аспасөз хатшысы Қаламқас Аманқосова.
Сондай-ақ қалада гипс өндірумен айналысатын кәсіпорын бар. Кәсіпорын иесі өз бизнесін бастау үшін «Damu» қорынан 100 миллион теңгеге жуық несие алған.
«Менің кәсіпорнымда қазір 10-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Әр қызметкерімізге уақытылы жалақысын түсіріп, 100 мың теңге көлемінде бонустар беріп отырамыз. Біз айына 600 тоннаға жуық гипс өндіреміз. Оның 200 тоннасын «КаспийЦемент» зауытына сатамыз. Олар біздің гипсті цемент өндіру мақсатында пайдаланады. Жуырдан бері Атырау облысына гипс жөнелте бастадық. Бірақ тұтынушыларымыздың дені Маңғыстау облысында», - дейді кәсіпкер Серікбол Боранқұлов.