Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бей-жай қарамай, сайлауға көппен бірге белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл күн – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт.
Мұнайлы ауданы бойынша сайлау учаскелері таңғы сағат 7:00-ден өз жұмысын бастады.
Барлық учаскелер талапқа сәйкес жабдықталған. 205 сайлау учаскесіне алғашқы болып аудан тұрғыны Әнет Кемежанов келіп, жаңа Қазақстанды құру жолындағы өз таңдауын жасады. Сондай-ақ, 209 сайлау учаскесіне таңмен таласа келген Анар Кезбаева болса, 222 сайлау учаскесіне Қалнияз Казбаков елден ерте келді. Ал, Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қалнияз Оңдабаев 210 сайлау учаскесінің алғашқы дауыс берушісі болды.
- Қазақстан Республикасының тарихында жаңа бір маңызды өзгеріс орын алғалы тұр. Тәуелсіз елдің азаматы ретінде саяси науқанға бәрінен бұрын келіп, белсенділік танытқаныма қуаныштымын. «Теңіз –тамшыдан құралады» дегендей, тарихи сәтте саяси додадан ешбіріміз шет қалмауымыз тиіс деп есептеймін», - дейді аудан тұрғыны Әнет Кемежанов.
Алғаш болып дауыс берген сайлаушыларға арнайы сый-сияпат табысталды.