Маңғыстауда жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторында 30 өрт тіркелді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысында жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторында 30 өрт тіркелген. Бұл туралы Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Арман Теңел мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2023 жыл басталғалы бері апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстар бойынша төтенше жағдайлар департаментіне 90 шақырту түсті. Шақыртукезінде 5 адам құтқарылып, 30 адам қауіпсіз жерге шығарылды.
- Көпшілігінде электр жабдықтарын монтаждау, техникалық пайдалану қағидаларын бұзу және балалардың үлкендердің қарауынсыз отпен ойнауы алапат оттың шығуына әсер етеді. Сондықтан біз департаментпен тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Оның басты мақсаты халықтың әлеуметтік осал топтары және көп балалы отбасылардың тұрғын үйлерінде өрттің алдын алу болып табылады, - деді Арман Теңел.
Арман Теңел облыс бойынша 2 447 үй есепке алынғанын, олардың барлығы 100% профилактикалық жұмыстармен қамтылып, 8234 азаматқа нұсқама берілгенін атады.
Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік аз қамтылған халық тобының үйлерін шамамен 75% газ талдағыш датчиктермен қамтыған. Сонымен қатар, жылыту кезеңінде 22 635 үй ауласы араланып, тұрғын үй секторында 100 мыңнан астам адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 545 адамммен 66 жиналыс ұйымдастырылып, 810 адамға 66 нұсқаулық өткізілді.