Ақтау қаласы әкімі Ербол Ізбергенов 2007 жылы іргетасы қаланған «Ақ-Нек» сүт зауытын аралап, өндіріс үдерісімен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Ақ-нек" – Маңғыстау облысындағы "Берекет-Ф" ЖШС-не қарасты пастерленген сүт, құрт, айран, сүзбе, қатық, ірімшік, майлылық деңгейі әртүрлі қаймақтар өндіретін зауыт. Сүт зауытының өндірістік қуаты жыл өткен сайын артып, тауарлар ассортиментінің аясы кеңіп келеді. Бүгінде зауыт тәулігіне 25 тонна өнім шығарады.
- Отандық тауар өндірушілерді қолдау ел экономикасының ілгерлеуіне сеп болмақ. Жергілікті өндірушілер тарапынан тың идеялар мен ұтымды ұсыныстар келіп түссе, бірлесе жүзеге асыруға қарсы емеспіз. Жергілікті тауар өндірушілердің іскерлік бастамаларын қолдау нәтижесінде өңір экономикасын өрістету арқылы жерлестерімізді жұмыспен қамтуға қолдау көрсетумен қатар, өзімізге таңсық емес табиғи таза өнімді тұтынуға мүмкіндік аламыз. Өндіруші жайлы мағлұматқа ие болғандықтан, өнім сапасына сенім қалыптасады, ал өндірушілер тұтынушыларға түрлі жеңілдіктермен қоса сұранысына сай ерекше өнімдерді ұсына алады",-деп атап өтті қала әкімі.