Тұтынушылар құқықтарының бұзылуы бойынша шағымдар қатары артып келеді. Бұл туралы Маңғыстау облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрберген Мамутов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Сауда қызметін реттеу туралы ҚР Заңының 9 бабы 1 тармағына сәйкес ішкі сауда субъектілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына, өндірушінің немесе көтерме сауда нысанының сату бағасы бойынша он бес пайызынан аспайтын шекті бағасын белгілеуге міндетті. Соған қарамастан тұтышылар тарапынан департаментке түскен шағымдар қатары еш азаймай отырған көрінеді.
«Маңғыстау облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 9 айында 1 472 өтініш келіп түсті. Оның 823-і қанағаттандырылды. 558 өтініш бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері департамент мамандарының қатысуымен 8 сот отырысы өтті. Оның ішінде 6 іс қанағаттандырылып, тұтынушы пайдасына шешілді. Департамент 9 ай ішінде 33 919 524 көлеміндегі қаражатты қайтара алды. Сот арқылы 18 758 948 теңге кері қайтарылған. Тұтынушыларға қайтарылған ақша көлемі 52 978 472 теңгені құрап отыр», - деді Нұрберген Мамутов mangystaumedia.kz тілшісіне берген пікірінде.
Оның сөзінше, Маңғыстау облысы әкімінің қолдауымен тұтынушылардың құқығын қорғаусаласындағы қоғамдық ұйымдарды қаржыландыру үшін 4,5 теңге көлемінде грант бөлінді. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы өткізген конкурс нәтижесінде «Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау» ҚБ гран иегері атанып отыр.
Сонымен бірге, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру үшін министрлік жаңа редакциядағы Заң жобасын әзірген. Жаңа Заңда тұтынушылардың құқықтарын қорғауды осы салада жұмысты үйлестіретін омбудсмен енгізу арқылы қоғамдық институттарының функционалдығын арттыру ұсынылған. Сондай-ақ, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне ішкі нарықтың қоғамдық мониторингі шеңберінде тауарлардың үлгілерін іріктеу және көрсетілетін қызметтерді сатып алу құқығына ие болмақ.