Республикалық деңгейдегі зияткерлік сайыстың үшінші кезеңі 13-18 ақпан аралығында өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыс бойынша олимпиадаға 665 оқушы қатысып жатыр. Ережеге сәйкес олимпиада 15 пән бойынша өтеді.
Былтырдан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігі академиялық адалдық пен ашықтықты сақтауға айрықша көңіл бөліп келеді.
Ұйымдастырушылар ашықтықты қамтамасыз ету үшін сайыс екінші жыл қатарынан электронды форматта өткізілуде. «EL Umiti цифрлық онлайн платформасы» ақпараттық жүйесінде прокторинг қызметін пайдалана отырып, веб-камерамен әрбір минутта фотофиксация сканерлеу жүйесі арқылы өткізіледі.
Олимпиада тапсырмалары «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының интернет ресурсы арқылы республика бойынша бір уақытта келеді. Оқушыларға тапсырмаларды алу үшін жеке логин, құпиясөз және жауап парақшалары беріледі.
YouTube арналарында олимпиаданың бейнежазбасы мен тікелей көрсетілімі жүргізіледі. Оқушылардың жұмыстары оқушының көзінше скранерленіп, конвертке салынады. Дайын жұмыстар мен қорытынды хаттамалары ресми сайттарға жүктеледі. Бұл олимпиадаға қатысушыларды әділ іріктеуге ықпал етеді.
Ережеге сәйкес, ұпайына келіспеген оқушылар келесі күні аппеляцияға бере алады.
Сонымен бірге олимпиаданың ашықтығына көз жеткізіп, бақылау жүргізу үшін жергілікті «Адалдық алаңы» өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық қызметтерінің, ата-ана қауымдастығының өкілдері шақырылады.
Оқушылардың жұмыстарын бағалау үшін халықаралық, республикалық олимпиаданың жеңімпаздары, білікті ұстаздар, педагогикалық шебер орталығының мамандары, Ш. Есенов университетінің оқытушылары шақырылды.
Облыстық олимпиаданың жеңімпаздары республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне жіберіледі. Олимпиаданың республикалық кезеңі 2023 жылдың наурыз, сәуір айларында Шымкент қаласында өтеді. Облыстық кезең жеңімпаздарын республикалық кезеңге дайындау үшін «Балдәурен» демалыс базасында оқушылары халықаралық, республикалық деңгейде орын алып жүрген жаттықтырушылармен оқу-ауысымы өткізіледі.