Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаеваның айтуынша, бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне жататын пияз тауарының орташа бағасы 215 теңгені, ал ақпан айының басында пияздың бағасы 180 теңгені құраған. Яғни, салыстырмалы көрсеткіш бойынша баға 19 пайызға өскен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚКО-ғе сілтемк жасап.
-Бұл өсім республика бойынша байқалады. Баға өсімінің негізгі себептерінің бірі табиғи климаттық жағдайларға және өндірушілердің бағасын өсіруіне байланысты болып отыр, - дейді Жанна Тоқбаева.
Сондай-ақ, пияз тауарының бағасын тежеу мақсатында «Айналым механизмі» тетігі бойынша мемлекеттен «Baystone» және «Ai Fruit» ЖШС- не 123 млн. теңге қаржы берілген. Нәтижесінде, Батыс Қазақстан облысынан өңірімізге 772 тонна пияз жеткізілді.
Сонымен қатар, Жанна Тоқбаеваның айтуынша бағаны тұрақтандыру мақсатында, күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Маңғыстау облысы бойынша 53 «Халық бақылау» мониторинг тобы бар болса, күн сайын 1900-ға жақын сауда нүктелері тексерістен өтеді.
Жергілікті жауапты органдармен кәсіпкерлер арасындағы меморандумға қол қойған ірі сауда орындары әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді шекті бағадан асырып сата алмайды. Мәселен, тұрғындар «Дина», «Анвар», «Алтын фуд», «Лидер», «Дана» дүкендерінен пиязды 187 теңгемен сатып ала алады.
Сондай-ақ, тұрғындар тауарлар бағасының негізсіз өсуін байқаған жағдайда Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының 462550(1178) телефон нөмеріне хабарласа алады.