ҚР ІІМ 2023 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шараларының негізінде ішкі істер органдары қызметкерлері арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту, нығайту мақсатында “Динамо” дене шынықтыру және спорт кешенінде қазақ күресінен чемпионат өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іріктеу турнирінің ашылу салтанатында ведомство бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бақтыбек Исаев алғысөз сөйлеп, қызметкерлерге жеңіс пен сәттілік тіледі.
Тартысқа толы додаға барлығы алты салмақ дәрежесі бойынша 40 полиция қызметкері қатысты. Қорытындылай келе, 66 келі салмақ дәрежесінде үшінші орынды Бейнеу ауданы Пб ЖПҚб УПИ көмекшісі полиция кіші лейтенанты Р.Сұлтанов иеленсе, екінші орынды ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы, полиция аға лейтенанты Н.Кемалов еншіледі. Ал үздіктердің үздігі деп танылған ПД оқу-жаттығу ротасының аға инспекторы полиция майоры М.Есекенов болды.
74 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен ПД ЖҚАЖ инспекторлары үздік үштіктің қатарынан бой көрсетті. Атап айтсақ, полиция аға лейтенанты А.Абдиманапов жүлделі 3 орынға ие болды. Ал екінші орын полиция лейтенанты Б.Әйімбетовке, бірінші орын полиция лейтенанты Е.Исмаковқа бұйырды.
90 келі салмақ дәрежесінде жоғары көрсеткішпен алдыңғы қатарға ПД оқу-жаттығу ротасы инспекторы полиция аға лейтенанты Б.Жандаулетов шықты. 100 келіден астам салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасқан ПД ЖҚАЖ аға инспекторы полиция капитаны С.Сапарбай жүлделі бірінші орынға жайғасты.
Сайыс соңында жүлдегерлер медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жеңімпаздар сәуір айында Петропавл қаласында өткізілетін чемпионатта МО полиция департаментінің намысын қорғайтын болады.