Еліміздегі ауыл оқушылары IQanat олимпиадасының екінші кезеңіне қатысып жатыр. IQanat ауыл мектептеріне арналған білім беру бағдарламасы Қазақстанның ауыл жастары үшін бірегей мүмкіндік болып отыр. Таяуда Ақтау қаласындағы Білім-инновация лицейінде Маңғыстау облысының ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың екінші кезеңі өтті.
IQanat олипиадасының бірінші кезеңіне еліміздің 166 өңірінен 40 мыңнан астам ауыл оқушысы қатысты. Республика көлемінде 17-27 наурыз аралығында өтетін екінші кезеңге 8 мыңнан аса оқушы өтті. Екінші кезеңнің жеңімпаздары 2023 жылдың жаз маусымында Астанада өтетін ақтық кезеңге жиналады.
– Бүгін – білімдеріңізді саралайтын күн. IQanat олимпиадасынан ең үздік шыққандар Бурабайдағы IQanat High School of Burabay мектебінде білім алуға жолдама алады. Қазір 10-нан аса оқушымыз IQanat мектебінде оқып жатыр. Әр адамның алдында таңдау болады. Қандай мамандықты таңдап, қай кәсіпті меңгеруді әрбіріңіз өз қалауларыңызбен шешесіздер. Мамандықты таңдау арқылы өзіңе, отбасыңа, қоғамға қандай пайдам тиеді деген сұраққа жауап іздеулеріңіз керек. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін күн сайын білім жетілдіріп, кітап оқып, алға қадам басу керек. Егер сіз дәрігер не ұлағатты ұстаз болам десеңіздер алдарыңызда күнделікті жасайтын іс-әрекеттеріңіздің жоспары тұруы керек деп ойлаймын. IQanat олимпиадасына келулеріңіздің өзі білімге деген құлшыныс, ниеттеріңіздің көрінісі, - деді Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева.
Маңғыстау облысы бойынша олимпиаданың екінші кезеңінде ауыл мектептерінің 381 оқушысы қамтылып отыр.
– IQanat олимпиадасының екінші кезеңі – ауылдық жерлерде білім беруді қолдау мен дарындылықты дамытуға бағытталған жыл сайынғы республикалық бастамалардың бір бөлігі. Бес жылдан кейін іріктеу форматы өзгереді. Біз пәндік білімге емес, қарым-қабілетке назар аударамыз. Сондықтан біз балаларды логикалық-кеңістіктік ойлау, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, ағылшын тілі және қатысушының таңдауы: билология, география, тарих, математика, физика және химия пәндерінің біреуінен ғана сынақ тапсыру арқылы сынаймыз.
Маңғыстау облысындағы ауыл мектептерінде оқып жатқан мыңдаған баланың ішінен дара шығып, үздік көрінген оқушыларға жасалып отырған үлкен қолдау. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білімді ұлан, дарынды жас екендерін дәлелдеп, ел болашағына өз үлестерін қосатын білімді маман болып шығуларына тілектеспін, - дейді IQanat олимпиадасының Маңғыстау облысы бойынша үйлестірушісі, Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры Қаламқас Тілеубаева.
Еңселі елдің ертеңі кемел білім мен кенен ғылымда. Бүгінгі қоғам жас ұрпақтан білім мен ғылымды игеру жолында үздіксіз ізденісті талап етеді.
IQanat білім сайысында әрбір оқушының білім деңгейі таразыланып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік анықталады.
– Сіздер IQanat олимпиадасының екінші турының жеңімпазы болсаңыз алдағы жазда Астанада өтетін кезеңге жолдама аласыздар. Ақтық сайыста үздік көрінсеңіздер IQanat мектебіне грант ұтып аласыздар. IQanat бағдарламасы мыңнан астам балаға көп мүмкіндік береді. Біздің мектептің түлектері шетелдің беделді оқу орындарында оқып жатыр. Бәріңізге сәттілік тілеймін, - деді IQanat олимпиадасының кеңесшісі, түлектермен жұмыс бөлімінің директоры Гүлмира Байқожаева.
– Иә, расында ауыл оқушыларына осындай мүмкіндіктер беріліп отыр. Соның бір куәсі ретінде мен алдарыңызға шығып тұрмын. IQanat тек мектеп емес, IQanat – үлкен отбасы. Сол отбасыда мен сіздерді құшақ жая күтемін. IQanat олимпиадасынан өтіп, мектепке түсу арқылы сіз тек білім алып қана қоймайсыз, сонымен қатар, аға, әпке, бауыр және достар табасыз. IQanat – мүмкіндіктер әлемі, - деді IQanat High School of Burabay мектебінің 11 сынып оқушысы Жасмин Айладир.
– Ауыл балаларын жетістікке жетелейтін олимпиаданың екінші кезеңіне химия пәні бойынша қатысып жатырмын. Осы күнге дейін мен 200-ге жуық білім сайыстарына қатыстым. Оның 40-қа жуығынан әртүрлі орын алдым. IQanat олимпиадасы төрт кезеңнен тұрады. Қазір біз екінші кезеңінен өткелі отырмыз. Осы сынақтан сәтті өтсек, үшінші кезеңінде Астана қаласында сынақ тапсырамыз. Осыдан соң мектебіне IQanat High School of Burabay жолдама беріледі, - дейді С.Шапағатов мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы Әсел Қатарбаева.
IQanat – ауыл балаларын қолдау ниетімен біріккен 100-ден аса қазақстандық кәсіпкер қолдау көрсететін республикалық әлеуметтік білім беру жобасы. Осы бағдарламаның арқасында мыңдаған мектеп оқушысы мотивация мен қосымш білім алады, ал жүздеген оқушы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсіп жатыр. айтулы жобаның Маңғыстау облысындағы қамқоршысы, белгілі қазақстандық ірі кәсіпкер, «ТенизСервис» компаниясының директоры Ғазиз Құсайын.
Олимпиаданың ақтық сайыснан өткен жеңімпаздар Қазақстандағы ең мықты дарындыларды дамыту мектептерінің бірі – IQanat High School of Burabay мектебінде оқу үшін әлеуетті гранттарға ие болады. Барлық жеңімпаздарға олимпиададан кейінгі 3 жылдық қолдау бағдарламасы, ҰБТ-ға дайындық және Қазақстанның, шетелдің үздік жоғары оқу орындарына түсу, ең бастысы ауыл оқушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру курстары – көшбасшылық және IT дағдылары, мотивация, сыни ойлау, функционалдық сауаттылық және т.б. қарастырылған.
Жайық НАҒЫМАШ