Мұндай мәлімет Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша басқармасының ұйымдастыруымен өткен алимент өндіру, алимент төлемей жүрген борышкерлерді қылмыстық жауаптылыққа тарту сынды мәселесер қаралған басқосу барысында айтылды деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған кездесуге әділет, ішкі істер органдарының өкілдері мен жеке сот орындаушылары қатысты. Онда алимент төлемей жүрген борышкерлерді қылмыстық жауаптылыққа тарту барысында орын алатын проблемалық мәселелер айтылды.
Аталған Басқарманың бастығы Асан Абдуллаевтың айтуынша, құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарына қойылған негізгі міндеттердің бірі – еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жағдайы туралы статистикалық мәліметтердің толықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету.
- Бүгінгі басқосуда сот орындаушыларымен алимент төлемей, қашып жүрген борышкерлерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 669-бабы бойынша әкімшілік және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесінде орын алатын проблемалық сұрақтар талқыланды. Алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлер жыл сайын көбейгені рас. Олардың теріс әрекеттеріне қаншалықты шаралар қолданылып жатқанын жиі саралап отыруымыз керек, - деді Асан Абдуллаев.
Басқарманың бөлім бастығы Ербол Сапашевтың берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың екі айында алимент өндіру бойынша 7 азаматтық іс қаралып, қанағаттандырылған.
- Мемлекет басшысы өткен жылы тек ұрандатып қана мереке түрінде атап өтпей, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керектігін атаған. Конституцияның 27-бабының 2-бөлігінде балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті делінген. Соңғы уақытта балаларға алиментті өндіру қоғамның өзекті әлеуметтік проблемаларының біріне айналды. Ағымдағы жылғы 2 айда алимент өндіру бойынша 7 азаматтық іс қаралып, қанағаттандырылды. Жыл басынан бері 23 борышкерге іздестіру жарияланды, - деді Ербол Сапашев.
Ербол Сапашев сот орындаушысы мен қылмыстық қудалау органдарының әрекетсіздігі алимент төлеуден жалтарудың көптеп орын алуына ықпал етеді деген қорытынды айтты.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА