Үйінде электр плитасы бар, газы жоқ тұрғындар үшін тарифті саралау мәселесі бір жылдан астам талқылануда. Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы монополияға қарсы органның алдына осы мәселені тағы да көтерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Қалада газдың орнына электр қуатын пайдаланатын үйлер көп, бірақ электр энергиясы тарифінің көтерілуіне байланысты электр плитасына тамақ пісіретін тұрғындарға үлкен салмақ түсіп отыр. Сізге жолдаған өтінішімізден әлі жауап алған жоқпыз. Қазір сол мәселе бойынша бізге 29 шағын аудан 24 үй тұрғындары жүгінді. Мұнда 2500-ге жуық адам тұрады. Олар үйінде газдың жоқтығынан зардап шегуде. Ал негізі мұндай үйлер Ақтауда көп», – деді монополияға қарсы департаментке жүгінген Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының басшысы Никар Рафикова.
Ақтауда электр пешін пайдаланатын тұтынушыларды екі топка бөлуге болады. Бiрiншiсi, бастапқыда жоба бойынша газ тартылмаған үйлердiң тұрғындары - қалада мұндай үйлердiң 10 шақтысы бар. Екінші санат - газ тартылған, әр түрлі себептермен әлі қосылмаған үйлердің тұрғындары.
«Ақтауда адамдар 3 жылдан бері газсыз тұрып жатқан тұрғын үй кешені бар, газ болуы керек деп жобаланып құбырлар тартылған. Оның себебі құрылыс салушының «ҚазТрансГаз Аймақпен» қажетті келісім-шарттарды дер кезінде жасамауы немесе бұл компанияның өзі қуаттылығы шектеулі болғандықтан газды қосуға рұқсат алмай отыр деп есептеймін. Өткен жылдан бастап біз мемлекеттік органдармен жұмыс істеп, барлық деректерді энергиямен қамтамасыз ететін ұйымға тапсырдық. Тарифтерді саралау бойынша есеп жасалғаннан соң олар бізге тапсырады, бұйрық шығарамыз», - деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент басшысы Жандос Салимов.
Тағы бір мәселе бар. Бастапқыда үйлерінде жобада газ қарастырылмаған тұрғындар ғана электр энергиясы үшін аз төлеуі әбден мүмкін. Қалған үйлер газдың қосылуын күтіп, оған дейін тарифке басқалар сияқты төлеуі керек.
«Кейбіреуіне газ қосылса да жеңілдетілген тариф бойынша төлеуді жалғастыра беруі мүмкін. Біз үйлерде тұтынушылардың қайсысында газы бар, ал қайсысы әлі қосылмағанын болжай алмаймыз. Кей жағдайларда екінші қабаттағы бір пәтерге қосуға болады, ал бесінші қабаттағы пәтерге болмайды», - дейді Жандос Салимов.